Жариялау этикасы

Журнал редакциясы мақала авторларымен тікелей жұмыс істейді және делдал ұйымдармен ынтымақтастық жасамайды. Редакция брокерлердің, агенттіктердің немесе өзге де ұйымдардың сыртқы көмек көрсету қызметтерін пайдаланбайды. Автор(лар) тарапынан брокерлердің, делдал ұйымдардың немесе сыртқы көмек көрсету жүйелерінің қызметтерін пайдаланғаны анықталған жағдайда:

– жарияланған мақалалар міндетті түрде кері қайтарылады (ретракцияланады);

– редакция қарауындағы мақала қайта ұсыну құқығынсыз қараудан алынады.

Журналдың редакциялық саясаты мен ғылыми жарияланымдар этикасы ғылыми мерзімді басылымдарға арналған этикалық қағидаттарға негізделеді және Ғылыми жарияланымдар этикасы жөніндегі комитеттің (Committee on Publication Ethics – COPE) журнал редакторларына арналған ғылыми жарияланымдар этикасы қағидаттары жөніндегі нұсқаулығын басшылыққа алады. Атап айтқанда, төмендегі негізгі талаптарды қамтиды:

1. Мақала төмендегі талаптарға сәйкес болуы тиіс:

– мақала редакцияға ұсынылған сәтте басқа ғылыми басылымда жарияланбаған және жариялануға қарау процесінде болмауы тиіс;

– мақала түпнұсқа ғылыми зерттеу нәтижелерін қамтуы тиіс;

– мақалада автордың (авторлардың) ғылыми жұмысының нәтижелері ұсынылуы тиіс. Барлық авторлар мақаланың осы Журналда жариялануына келісім береді және мақаладағы авторлардың көрсетілу тәртібіне қарсылық білдірмейді деп есептеледі;

– пайдаланылған әдебиеттер тізімінде зерттеу барысында нақты қолданылған және рецензияланатын ғылыми дереккөздер ғана көрсетілуі тиіс, сондай-ақ пайдаланылған барлық дереккөздер толық қамтылуы қажет.

2. Авторларға қойылатын талаптар

Қолжазбаны редакцияға ұсына отырып, автор(лар) ешкімнің авторлық құқықтарын және жариялау этикасының қағидаттарын бұзбайтынына кепілдік береді. Авторлар «PSYCHOLOGY AND COGNITIVE SCIENCES» журналының баспагеріне төмендегі айрықша құқықтарды мерзімсіз негізде береді:

– мақаланы кез келген таралым көлеміне шектеу қоймай қайта өндіру (жариялау, көпшілікке ұсыну, көшірмелеу, тарату немесе өзге де тәсілдермен көбейту) және кез келген тәсілмен тарату құқығы. Бұл ретте мақаланың әрбір данасында автордың (авторлардың) аты-жөні көрсетілуі тиіс;

– мақаланы құрамдас жарияланымдардың құрамына енгізу құқығы;

– мақаланы жалпыға қолжетімді ету құқығы;

– мақаланың метадеректерін (мақала атауы, автордың (авторлардың) аты-жөні (құқық иесінің атауы), аннотациялар, библиографиялық деректер, мақаланың толық мәтіні және т.б.) тарату, жалпыға қолжетімді ету, өңдеу және жүйелеу жолымен пайдалану, сондай-ақ оларды әртүрлі дерекқорлар мен ақпараттық жүйелерге, оның ішінде жарияланған мақаланың толықмәтінді нұсқаларын қамтитын жүйелерге енгізу құқығы.

Мақалаларды пайдалану құқықтарының қолданылу аумағына ешқандай шектеу қойылмайды. Автор(лар) қолжазба жариялауға қабылданғаннан кейін мақаланың Журналдың ресми сайтында ашық қолжетімділік форматында орналастырылуына, сондай-ақ жарияланған мақаласы бар Журналдың баспа нұсқасының кітапханаларда және басқа да ұйымдарда және/немесе мекемелерде таратылуына қарсылық білдірмейді.

Автор(лар) сондай-ақ Журнал баспагеріне өздерінің дербес деректерін мерзімдік шектеусіз сақтауға және өңдеуге құқық береді (тегі, аты, әкесінің аты, білімі туралы мәліметтер, жұмыс орны мен атқаратын лауазымы туралы мәліметтер).

Дербес деректер оларды әртүрлі дерекқорлар мен ақпараттық жүйелерде сақтау және өңдеу, аналитикалық және статистикалық есептерге енгізу, ғылым, әдебиет және өнер туындылары объектілерінің дербес деректермен негізделген байланыстарын қалыптастыру және өзге де заңды мақсаттар үшін ұсынылады.

Автор(лар) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ғылыми мақалада зияткерлік меншік объектілерін және авторлық құқық объектілерін заңсыз пайдаланғаны үшін толық жауапкершілік көтереді.

Автор(лар) қолжазбаны Журнал баспагері тарапынан плагиаттың және жариялау этикасын бұзудың өзге де белгілерінің бар-жоғын анықтау мақсатында тексеруге өз келісімін береді.

Автор(лар) редакциялық алқаға қолжазбаның негізгі ғылыми тұжырымдары мен мазмұнын өзгертпейтін ғылыми және әдеби редакциялау жұмыстарын дербес жүргізуге, қолжазбаны рецензиялауды ұйымдастыруға, сондай-ақ қажетті түзетулер мен өзгерістер енгізуді ұсынуға рұқсат береді.

Қолжазба автор(лар) барлық қажетті түзетулер мен өзгерістерді енгізгеннен кейін ғана жарияланады. Автор(лар) редакциялық алқаның төмендегі жағдайларда қолжазбаны жариялаудан бас тарту құқығын мойындайды:

– қолжазбаның рәсімделуі немесе мазмұны Журналдың белгіленген талаптарына сәйкес келмеген жағдайда;

– қолжазбада қамтылған ақпаратты жариялауға нормативтік құқықтық актілермен және (немесе) өзге де ресми мемлекеттік құжаттармен тыйым салынған жағдайда;

– қолжазбада ғылыми және (немесе) жариялау этикасы қағидаттарының бұзылуы анықталған жағдайда.

Автор(лар) өздерінің басқа ғалымдармен немесе Журналдың редакциялық алқа мүшелерімен мүдделер қақтығысының бар екендігін/жоқ екендігін мәлімдейді. (Мүдделер қақтығысы болған жағдайда, автор(лар) қолжазбаны объективті бағалауға кедергі келтіретін себептерді көрсетуі және өз пікірінше қолжазбаны бейтарап бағалай алмайтын ғалымдардың аты-жөндерін атауы тиіс.)

Автор(лар) Журнал туралы жалпы ақпаратты, мақалаларды қарау тәртібін, авторларға арналған нұсқаулықты және жариялау этикасының қағидаттарын қамтитын Журналдың редакциялық саясатымен танысқанын мәлімдейді.

Автор(лар) қолжазбаны Журнал баспагері тарапынан плагиатқа тексеруге өз келісімін береді.

Автор(лар) ұсынылып отырған қолжазбаның бұрын еш жерде жарияланбағанын, басқа ғылыми басылымдарға жариялау үшін ұсынылмағанын және болашақта да өзге ғылыми басылымдарға жариялау үшін жіберілмейтінін растайды.

Автор Журнал туралы жалпы ақпаратты, мақалаларды қарау тәртібін, авторларға арналған нұсқаулықты және жариялау этикасы қағидаттарын қамтитын Журналдың редакциялық саясатымен танысқанын растайды.

Автор(лар) 13 жасқа дейінгі балалардың қатысуымен зерттеулер жүргізу барысында кәмелетке толмаған қатысушылардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға бағытталған этикалық және құқықтық нормаларды басшылыққа алғанын растайды. Автор(лар) ата-аналардың немесе заңды өкілдердің келісімін (parental consent) алғанын, сондай-ақ мүмкіндігінше баланың өзінің келісімін (assent) қамтамасыз еткенін мәлімдейді. Аталған талаптардың бұзылуы анықталған жағдайда қолжазба қабылданбауы немесе жарияланған мақала кері қайтарылуы (ретракциялануы) мүмкін.

Ұсынылатын мақалаларға қойылатын талаптар

– мақала редакциялық саясат талаптарына сәйкес рәсімделуі тиіс;

– мақала редакцияға ұсынылған сәтте бұрын жарияланбаған және басқа басылымда қаралу үстінде болмауы тиіс;

– мақала түпнұсқа ғылыми зерттеу нәтижелерін қамтуы тиіс;

– мақалада тек автордың немесе авторлық ұжымның зерттеу нәтижелері ғана ұсынылуы тиіс (өзге тұлғаларды авторлар қатарына енгізуге жол берілмейді). Мақаланы ұсыну сәтінде барлық авторлар оның осы Журналда жариялануына келісім берген және мақаладағы авторлардың көрсетілу тәртібіне қарсылық білдірмейді деп есептеледі;

– пайдаланылған әдебиеттер тізімінде зерттеу барысында нақты қолданылған және рецензияланған ғылыми дереккөздер ғана көрсетілуі тиіс;

– мақалада пайдаланылған барлық дереккөздерге, соның ішінде автордың немесе авторлық ұжымның өз еңбектеріне де тиісті сілтемелер берілуі міндетті.

– қолжазбаны дайындаудың кез келген кезеңінде жасанды интеллект (ЖИ) құралдары пайдаланылған жағдайда, автор(лар) Журналдың осы редакциялық саясатының 16-тармағының талаптарына сәйкес рәсімделген Жасанды интеллект құралдарын пайдалану туралы декларацияны ұсынуға міндетті.

Рецензенттерге қойылатын талаптар

Журналда жарияланатын мақалалардың сапасын қамтамасыз ету мақсатында екі жақты жасырын (double-blind) рецензиялау рәсімі қолданылады (рецензент қолжазба авторлары туралы ақпаратты білмейді, ал авторлар рецензенттердің кім екенін білмейді). Қолжазбалар бағалау үшін екі рецензентке жіберіледі.

Рецензенттердің құқықтары

– рецензиялауға ұсынылған қолжазбаның аннотациясын сұратуға;

– қолжазбаның аннотациясымен танысқаннан кейін де, толық анонимдендірілген мәтінімен танысқаннан кейін де ғылыми сараптама жүргізуден бас тартуға;

– егер материал тақырыбы бойынша маман болмаса, бұл туралы редакцияны хабардар ете отырып, қолжазбаны рецензиялаудан бас тартуға.

Рецензенттердің міндеттері

– алынған қолжазбаны құпия құжат ретінде қарастыруға;

– ұсынылған материалға объективті және дәлелді баға беруге;

– рецензиялау барысында алынған және белгілі бір артықшылықтармен байланысты болуы мүмкін ақпарат пен идеялардың құпиялылығын сақтауға;

– мүдделер қақтығысы болған жағдайда қолжазбаны қарау процесіне қатыспауға;

– өз жарияланымдарында ұсынылған қолжазбадағы қандай да бір материалдарды пайдаланбауға.

– рецензенттерге редакция мен авторлардың жазбаша рұқсатынсыз қолжазбаларды, қосымша материалдарды немесе редакциялық сипаттағы құпия құжаттарды жалпыға қолжетімді жасанды интеллект жүйелеріне жүктеуге тыйым салынады. Рецензиялау процесінің құпиялылығына қойылатын талаптар жасанды интеллект құралдарын пайдаланған жағдайда да өз күшін толық сақтайды.

Редакторларға қойылатын талаптар

Бас редактор мен редакциялық алқа мүшелері төмендегі міндеттемелерді қабылдайды:

– мақалалардың сапалық құрамына ерекше назар аударуға, Журналдың редакциялық алқа отырыстарына қатысуға, мақала бойынша рецензенттердің қорытындыларымен келісу немесе келіспеу жөніндегі өз ұстанымын әрдайым дәлелді түрде білдіруге, Журнал сандарының мазмұнын қалыптастыруға, авторлардың географиялық әртүрлілігін кеңейтуге бағытталған жұмыстар жүргізуге, әртүрлі ұйымдар мен елдерде жұмыс істейтін мамандарды жарияланымға тартуға;

– қолжазбалардың ғылыми мазмұнын автордың немесе авторлық ұжым мүшелерінің жынысына, ұлтына, діни көзқарасына және басқа да жеке ерекшеліктеріне қарамастан әділ бағалауға;

– қолжазбамен байланысты авторлармен немесе ұйымдармен бәсекелестік, бірлескен қызмет немесе өзге де кәсіби қатынастар нәтижесінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда қолжазбаны қарамауға.

– редакция мен авторлардың жазбаша рұқсатынсыз қолжазбаларды, қосымша материалдарды немесе редакциялық сипаттағы құпия құжаттарды жалпыға қолжетімді жасанды интеллект жүйелеріне жүктемеуге. Рецензиялау процесінің құпиялылығына қойылатын талаптар жасанды интеллект құралдарын пайдаланған жағдайда да толық көлемде сақталады.

Бас редактордың құқықтары

Бас редакторға келесі құқықтар беріледі:

– редакция жұмысының тиімділігін арттыруға және жетілдіруге бағытталған ұсыныстар енгізуге;

– өзінің қызметіне қатысты кәсіпорын директорының және редакциялық-баспа қызметі бөлімінің меңгерушісінің шешімдерінің жобаларымен танысуға;

– өз құзыретіне кіретін барлық мәселелер бойынша редакцияның күнделікті қызметін қамтамасыз ету мақсатында шешімдер қабылдауға;

– редакция қызметін ұйымдастыруға қатысты мәселелер қаралған кезде алқалы басқару органдарының жұмысына қатысуға;

– қажет болған жағдайда қолжазбаны тәуелсіз рецензентке қосымша жасырын (double-blind) рецензиялауға жіберуге.

Міндеттері

– басылымды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу;

– редакция қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыру және үйлестіру;

– басылым авторлары дайындаған мақалаларды редакциялау;

– қолжазбаларды редакциялауға және рецензиялауға жіберу;

– материалдарды баспаға дайындау;

– редакция жұмысы бойынша есептер дайындау.

Редакциялық алқа мүшелерінің міндеттері

– Журналдың редакциялық алқа отырыстарына қатысуға, мақала бойынша рецензенттердің қорытындыларымен келісу немесе келіспеу жөніндегі өз пікірін білдіруге, сондай-ақ Журнал нөмірлерінің мазмұнын қалыптастыруға қатысты шешімдер қабылдауға;

– қолжазбалардың ғылыми мазмұнын автордың немесе авторлық ұжым мүшелерінің жынысына, ұлтына, діни көзқарасына және өзге де жеке ерекшеліктеріне қарамастан әділ бағалауға;

– жариялауға ұсынылған материалдарды редакторлардың, рецензенттердің және қолжазбамен жұмысқа тартылған басқа қызметкерлердің жеке ғылыми немесе кәсіби қызметінде пайдаланбауға;

– мүдделер қақтығысы болған жағдайда жариялауға ұсынылған материалдарды қараудан бас тартуға, сондай-ақ автордан мүдделер қақтығысының бар-жоғы туралы ақпарат ұсынуды талап етуге міндетті.

Жарияланған мақалаларда елеулі техникалық қателер (формулалардағы қате терулер, көрсеткіштердің техникалық себептермен бұрмалануы және т.б.) анықталған жағдайда, оларды түзету туралы ақпарат Журналдың келесі нөмірлерінде жариялануы мүмкін.

Егер екі жақты жасырын (double-blind) рецензиялау нәтижесінде бір рецензент «мақала осы нұсқасында жариялауға ұсынылады» деген шешім қабылдап, ал екінші рецензент «мақала Журналда жариялануға ұсынылмайды» деген қорытындыға келсе, редакциялық алқа қолжазбаны тәуелсіз рецензентке қосымша жасырын рецензиялауға жіберуге құқылы. Мақаланы жариялау туралы түпкілікті шешімді редакциялық алқа қосымша рецензиялау нәтижелерін ескере отырып қабылдайды.

Редакция

Журнал редакциясы мақала авторларымен тікелей жұмыс істейді және ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялау бойынша қызмет көрсететін агенттіктермен немесе делдал ұйымдармен ынтымақтастық жасамайды.

Редакция авторлардың, редакторлардың және рецензенттердің этикалық емес әрекеттері анықталған жағдайда, мүмкіндігінше қысқа мерзімде тиісті шешім қабылдауға міндеттенеді.

Редакция авторлардың, редакторлардың және рецензенттердің этикалық емес әрекеттері анықталған жағдайда, мүмкіндігінше қысқа мерзімде тиісті шешім қабылдауға міндеттенеді.

Авторлардың этикалық емес әрекеттеріне мыналар жатады:

– авторлар құрамын бұрмалау;

– жалған ғылыми мәтіндерді жариялау;

– деректерді бұрмалау (фальсификация) және қолдан жасау (фабрикация);

– дәйексөз келтіру көрсеткіштерімен айла-шарғы жасау;

– заңсыз мәтіндік алулар (плагиат);

– бір материалды бір мезгілде бірнеше ғылыми басылымға ұсыну.

Қаралған қолжазбаларға немесе жарияланған материалдарға қатысты шағымдар түскен жағдайда, редакциялық алқа тиісті шаралар қабылдауға міндеттенеді. Ең алдымен мақала авторынан түсініктеме беру сұралады. Егер автордың жауабы қанағаттанарлықсыз деп танылса ғана тиісті тексеру жүргізіледі.

Авторлардың, редакторлардың және рецензенттердің этикалық мінез-құлық нормаларын бұзуға қатысты жоғарыда қарастырылмаған жағдайлар Ғылыми жарияланымдар этикасы жөніндегі комитеттің (Committee on Publication Ethics – COPE) ғылыми зерттеулер мен жарияланымдардың адалдығын қамтамасыз ету қағидаттары жөніндегі ұсынымдары негізінде қаралады және шешіледі.

Редакция бас редакторға, редакциялық алқа мен редакциялық кеңес мүшелеріне, сондай-ақ рецензенттерге Журналда мақалаларын жариялауға мүмкіндік береді. Алайда олар өздерінің қызметтік немесе лауазымдық жағдайын жеке мүдделері үшін пайдаланбауы тиіс.

Барлық мақалалар, оның ішінде арнайы шығарылымдардың жауапты редакторларының мақалалары да міндетті түрде рецензиялау рәсімінен өтеді және Журналдың редакциялық алқа отырысында қаралады.

Жарияланған мақалаларда қателер (формулалардағы қате терулер, көрсеткіштердің техникалық себептермен бұрмалануы және т.б.) анықталған жағдайда, оларды түзету туралы ақпарат Журналдың кейінгі нөмірлерінде жариялануы мүмкін.

Кемсітушілікке жол бермеу

Журнал редакциясы теңдік пен жеке тұлғаны құрметтеу қағидаттарын басшылыққа алады.

Жарияланымдарда нәсіліне, ұлтына, тіліне, жынысына, жасына, діни наным-сеніміне, саяси көзқарасына, әлеуметтік тегіне немесе өзге де мәртебесіне байланысты кемсітушілік сипаттағы пікірлерге, сондай-ақ қандай да бір топтарға қатысты біржақты көзқарасты білдіретін материалдарға жол берілмейді.

Барлық қолжазбалар авторлардың жеке ерекшеліктеріне қарамастан, тек ғылыми сапасы, зерттеудің маңыздылығы және Журналдың тақырыптық бағытына сәйкестігі негізінде ғана қарастырылады.

Журналдың рецензенттері мен редакторларының этикалық емес әрекеттеріне мыналар жатады:

– авторлардың келісімінсіз мақала мәтіндерін басқа журналдарға беру;

– авторлардың материалдарын үшінші тұлғаларға тарату;

– авторлық құқықтарды бұзу;

– редакциялық үдерістердің құпиялылық қағидатын бұзу;

– қолжазбамен байланысты авторлармен немесе ұйымдармен бәсекелестік, бірлескен қызмет немесе өзге де қатынастар нәтижесінде туындаған жеке мүдделерге байланысты материалдарды қолдау немесе артықшылық беру.