Жасанды интеллект
Журнал редакциясы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №127 бұйрығына (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 6 қаңтардағы №4 бұйрығымен енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып) 1-қосымшаның 5-тармағында белгіленген қағидаттарды басшылыққа ала отырып, ғылыми жарияланымдарда жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын пайдалану жөніндегі өз ұстанымын айқындайды.
Ғылыми зерттеулердің ерекшеліктерін және академиялық адалдық қағидаттарын ескере отырып, редакция жасанды интеллект технологияларын жауапты, этикалық және ашық түрде қолдану саясатын ұстанады.
Журнал ғылыми зерттеулер мен жариялау қызметінде жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын жауапты әрі ашық пайдалануды қолдайды.
Жасанды интеллект құралдарын пайдалану академиялық адалдық, ашықтық, жауапкершілік және зерттеу этикасы қағидаттарына толық сәйкес келуі тиіс.
Авторлық және жауапкершілік
Жасанды интеллект жүйелері (мысалы, ChatGPT, Gemini, Claude, Copilot және басқа да ұқсас құралдар) ғылыми мақаланың авторы немесе қосалқы авторы ретінде көрсетіле алмайды.
Авторлық мәртебе жұмыстың дұрыстығы, тұтастығы, түпнұсқалығы және ғылыми негізділігі үшін жауапкершілікті көздейді, ал мұндай жауапкершілікті тек адам ғана өз мойнына ала алады.
Барлық авторлар қолжазбаның мазмұны үшін, оның ішінде жасанды интеллект құралдарының көмегімен дайындалған, редакцияланған немесе жетілдірілген бөлімдері үшін толық жауапкершілікті сақтайды.
Авторларға жасанды интеллект құралдарын пайдалануға рұқсат етіледі:
-мәтінді тілдік, стильдік және техникалық редакциялау үшін;
-грамматикалық қателерді түзету және сөйлем құрылымын жақсарту үшін;
-мәтінді аудару үшін;
-бағдарламалау барысында және деректерді статистикалық өңдеу кезінде көмекші құрал ретінде (сауалнамалар, сұрау салулар, тесттер және т.б.);
-ғылыми әдебиеттерді, дереккөздерді және түйінді сөздерді іздеу үшін;
-деректерді қосымша өңдеу және талдау үшін.
Жасанды интеллект құралдарын пайдалану автордың зияткерлік үлесін, сыни ойлауын, ғылыми нәтижелерді түсіндіруін және сараптамалық бағасын алмастырмауы тиіс.
Жасанды интеллектті пайдалану туралы ақпаратты міндетті түрде ашып көрсету.
Авторлар қолжазбаны дайындау барысында жасанды интеллект (ЖИ) құралдарының елеулі түрде пайдаланылғаны туралы ақпаратты міндетті түрде ашып көрсетуге тиіс.
Декларацияда төмендегі мәліметтер көрсетілуі қажет:
-пайдаланылған жасанды интеллект жүйесінің атауы;
-оны пайдалану мақсаты;
-мақаланы дайындау процесіндегі жасанды интеллекттің қатысу дәрежесі.
Аталған ақпарат пайдаланылған әдебиеттер тізімінің алдында орналастырылатын «Жасанды интеллектті пайдалану туралы декларация» атты жеке бөлімде берілуі тиіс.
Декларация үлгісі
Осы қолжазбаны дайындау барысында авторлар мәтіннің тілдік редакциясын жетілдіру және баяндаудың анықтығын арттыру мақсатында ChatGPT (OpenAI) жүйесін пайдаланды. Барлық ғылыми идеялар, деректерді талдау, нәтижелерді интерпретациялау және қорытындылар авторлар тарапынан дербес орындалды және тексерілді. Авторлар мақаланың соңғы нұсқасының мазмұны үшін толық жауапкершілік көтереді.
Авторларға жасанды интеллект құралдарын пайдалануға ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ:
-мақаланың мәтінін толық немесе ішінара генерациялау, сондай-ақ зерттеу деректерін (нәтижелерді, талқылауды, қорытындыларды, ұсынымдарды) бұрмалау немесе қолдан жасау;
-нақты зерттеу жүргізбей жалған эксперименттік деректерді, жалған немесе шын мәнінде жоқ библиографиялық сілтемелерді жасау;
-зерттеуші тарапынан тексерілмеген ғылыми қорытындыларды қалыптастыру;
-жасанды интеллект көмегімен жасалған мәтінді тиісті түрде ашып көрсетпей, толықтай дербес ғылыми нәтиже ретінде ұсыну;
-зерттеу бейнелерін, деректерін немесе нәтижелерін адал емес жолмен өзгерту үшін жасанды интеллект құралдарын пайдалану;
-антиплагиат жүйелерін айналып өту немесе плагиаттың анықталу ықтималдығын төмендету мақсатында жасанды интеллект құралдарын пайдалану;
-пайдаланылған технология туралы ақпаратты (атауы, нұсқасы, құқық иесі және пайдаланылған күні) ашып көрсетпей қолдану;
-өзге авторлардың мәтіндерін немесе идеяларын бұрмалау арқылы алынған материалдың түпнұсқа емес екендігін жасыру мақсатында жасанды интеллект құралдарын пайдалану.
Редакция тарапынан бақылау
Редакциялық алқа өзіне келесі құқықтарды қалдырады:
-жасанды интеллект құралдарын пайдалану туралы қосымша ақпарат сұратуға;
-жасанды интеллект арқылы генерацияланған контентті анықтау және плагиатты тексеру құралдарын қолдануға;
-жасанды интеллектті пайдалану фактісі тиісті түрде ашып көрсетілмеген немесе осы саясаттың талаптарын бұзатын қолжазбаларды қабылдамауға.
Халықаралық этикалық стандарттарды сақтау
Осы саясат Ғылыми жарияланымдар этикасы жөніндегі комитеттің (Committee on Publication Ethics – COPE), American Psychological Association (APA) ұйымының ұсынымдарына және академиялық жариялау этикасының халықаралық стандарттарына сәйкес әзірленген.
Авторлар зерттеуді жүргізудің, қолжазбаны дайындаудың және зерттеу нәтижелерін жариялаудың барлық кезеңдерінде осы талаптарды сақтауға міндетті.
Жасанды интеллект ғылыми жұмыстың көмекші құралы ретінде қарастырылады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы, нәтижелердің дұрыстығы мен сенімділігі, деректерді интерпретациялаудың ғылыми негізділігі және этикалық нормалардың сақталуы үшін жауапкершілік әрқашан автордың өзінде қалады.
Ғылыми нәтижелер, қорытындылар мен ұсынымдар жасанды интеллект технологияларының пайдаланылғанына қарамастан, авторлар тарапынан дербес түрде тұжырымдалуы тиіс.
Авторлар жасанды интеллект технологияларын қолдану фактілерін міндетті түрде ашып көрсетуге және төмендегі мәліметтерді ұсынуға тиіс:
- технологиялардың зерттеудің қай кезеңінде және қандай мақсатта пайдаланылғанын;
- алынған деректердің дұрыстығы мен оларды интерпретациялаудың негізділігі қандай тәсілдермен тексерілгенін;
- пайдаланылған технология туралы мәліметтерді: атауы, әзірлеушісі (құқық иесі), нұсқасы, қолданылған және жүгінген күні.
Сілтеме рәсімдеу үлгісі:
OpenAI (2025). ChatGPT (генеративті жасанды интеллект интерфейсі). Қолжетімді: https://chat.openai.com/chat (Қаралған күні: 2025 жылғы 1 маусым).
Жасанды интеллект технологияларын пайдалану туралы ақпараттың көрсетілмеуі олардың іс жүзінде пайдаланылмағанының растауы ретінде қарастырылады.






